News_KZ

PIM 2024 (EAP мамандарына арналған жаһандық форум)

Астанада НУ академиялық мақсаттағы ағылшын тілі мұғалімдерінің Британдық қауымдастығымен (BALEAP) бірлесіп ұйымдастырған «Back to the Classroom - New Framework – New Balance?» атты академиялық ағылшын тілі бойынша халықаралық конференциясы өтті.

Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Рединг университетінің (Ұлыбритания) профессоры Лиз Уайлдинг және НУ-дың оқу ісі жөніндегі вице-провосты Лоретта О'Доннелл сөз сөйлейді.

Мәулен Әшімбаев академиялық ағылшын тіліне арналған халықаралық конференция ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын және практикалық ұсыныстар әзірлейтін маңызды алаң екенін атап өтті. Ағылшын тілін еркін меңгеру – ел дамуының және экономикалық өсудің негізгі факторы.

«Қазіргі таңда ағылшын тілі орта және жоғары білім беру жүйесінде үлкен маңызға ие. Бұл тіл климаттың өзгеруі, теңсіздік, кедейлік сияқты жаһандық проблемаларды шешу жолында пікір алмасуға, ынтымақтастық орнатуға және ықпал етуге мүмкіндік береді. COVID-19 пандемиясы білім беру жүйесіне айтарлықтай қатер төндірді. Сондай-ақ қалыптасқан жағдай цифрлық технологияларды енгізу ісін жеделдеткенін атап өткен жөн. Сондықтан пандемия, бір жағынан, инновациялық шешімдерге жетелеп, оқыту мен білім беру тәсілдерін қайта зерделеуге ықпал етті деуге болады», – деді Сенат Төрағасы.

«Ақпараттық технологиялар білім беру саласына үлкен өзгерістер әкелген нағыз катализаторға айналды. Жаңа мүмкіндіктер білім беру тәсілін өзгертіп, оны қолжетімді және тиімді ете түсті. Бүгінде біз ақпараттық технологиялар мен жаһандық сын-қатерлерге негізделген жаңа білім беру парадигмасының табалдырығында тұрмыз. Британдық академиялық мақсаттағы ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығының негізгі қағидаларының бірі білім берудің инклюзивтілігі мен сапасын қамтамасыз ету. Сапалы білімнің бәріне бірдей тең қолжетімді болуы Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізі екенін атап өткен жөн. Тең қолжетімділікті қамтамасыз ету білім беру саласындағы негізгі проблемалардың бірі екені анық. Осы мәселені шешуде онлайн оқыту үлкен рөл атқарады», – деген Мәулен Әшімбаев білім беру саласында жасанды интеллектінің әлеуеті зор екенін де тілге тиек етті.

Конференцияның негізгі тақырыбы пандемия салдарынан туындаған жоғары білім саласындағы өзгерістер болды. Атап айтқанда, қатысушылар оқытудың гибридтік форматын талқылады, бұл онлайн платформаларды білім беру құралдарының қатарына енгізу бойынша мәжбүрлі шаралардың, тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас үрдістерінің және дәстүрлі бағалау үлгілерін қайта қараудың арқасында мүмкін болды.

BALEAP қауымдастығы жыл сайын кәсіби мәселелер бойынша төрт форум өткізеді. Биыл осындай форумдардың бірі алғаш рет Ұлыбританиядан тыс жерде ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның академиялық ағылшын тілін оқыту мәселесіне арналған аталған беделді іс-шараны өткізу мүмкіндігіне ие болуы тегін емес. Бұған НУ-дың 2019 жылдан бастап BALEAP қауымдастығының институционалдық мүшесі болуы әсер етті. 2020 жылдың ақпан айында НУ Дайындық мектебінің NUFYP бағдарламасының Академиялық мақсаттарға арналған ағылшын тілі курсы аталған қауымдастықтың аккредитациясынан ТМД елдерінің арасында алғашқы болып өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі. Суретті түсірген: Н.Байбулин)
2024-06-01 16:00